Қазан қаласы 14-19 мамыр аралығында өтетін «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum-2024» халықаралық экономикалық форумына дайындалуда.
Кazanforum.ru сайтының мәліметінше, форумның негізгі бағыттары ретінде халал индустриясы, ислам қаржысы, көлік дәліздерін дамыту, білім беру, туризм, соның ішінде медициналық тақырып та қамтылған.
«Ресей – Ислам әлемі: KazanForum» аясында KazanHalal Market халықаралық сауда жәрмеңкесін өткізу жоспарланған.
Биыл форум бағдарламасында «Ресей-Қатар», «Ресей-Малайзия», «Ресей-Әзірбайжан» арасында жеке дөңгелек үстелдер өткізіледі деп күтілуде. Форум аясында ұйымдастырылған жетістіктер көрмесінде Иран, Әзірбайжан, Түркіменстан, Мысыр, Түркия, Индонезия, Малайзия сынды елдер өз стендтерін ұсынады.
«Ресей – Ислам әлемі: KazanForum» халықаралық экономикалық форумын ұйымдастырушылар форум барысында цифрлық ислам өнері, киноиндустрия және креативті экономика бойынша іс-шаралар ұйымдастырылатынын хабарлады. Сондай-ақ, спорт саласы да маңызды тақырып болады.
Kazan Forum Татарстан астанасы Қазан қаласында дәстүрлі түрде 2009 жылдан бері өткізіліп келеді.
Форум 2023 жылдан бастап, Ресей Президенті Владимир Путиннің шешімімен федералды мәртебеге ие болды.



















