Ресей мұнайын Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына транзиты көлемі 2024 жылы жоспарланған 500 мың тоннадан 550 мың тоннаға дейін ұлғаяды.
«ҚазТрансОйл» компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бекіткен мұнай жеткізу кестесіне сәйкес қаңтар айында «ҚазТрансОйл» АҚ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына 25 мың тонна Ресей мұнайын жеткізуді қамтамасыз етеді.
«ҚазТрансОйл» АҚ Ресей мұнайын Өзбекстан Республикасына магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы тасымалдауды 2017 жылы бастаған. Транзит көлемі 2017 жылы 67,9 мың тоннаны, 2018 жылы 35,8 мың тоннаны құрады.
2019-2022 жылдары Ресей мұнайының Қазақстан Республикасы арқылы Өзбекстан Республикасына транзиті жүзеге асырылмады.
«ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылы Өзбекстан Республикасына 154,3 мың тонна Ресей мұнайын тасымалдады.




















