Біріккен Араб Әмірліктері Президентінің дипломатиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ануар Қарқаш Вашингтон мен Тегеранның қақтығысты реттеудің жаңа тетіктерін іздеуі қажет екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ануар Қарқаш Вашингтон мен Тегеранның қолданыстағы өзара түсіністік туралы меморандум аясынан шығып, қазіргі қақтығысты реттеудің жаңа тетіктерін іздеуі қажет екенін баса айтты.
Қарқаш X әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Бүгінде шиеленісті бәсеңдетуден және Ормұз бұғазындағы қалыпты кеме қатынасын қалпына келтіруден бастап, дағдарыстың саяси және экономикалық аспектілерін ескеретін шынайы әрі тұрақты саяси шешімдер қажет», -деп жазды.
Оның айтуы бойынша, АҚШ пен Иран арасындағы диалог барысында қолданыстағы өзара түсіністік туралы меморандумнан ауқымы кең жаңа реттеу тетіктері әзірленуі тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ әскері Иранның оңтүстігіндегі Ларак аралына соққы жасаған болатын. Бұған жауап ретінде Иран Иордания мен БАӘ аумағындағы АҚШ әскери базаларына шабуыл жасады.

















