Иран Қарулы Күштері АҚШ пен сионистік режимнің агрессиясына тойтарыс беру үшін толық өкілеттікке ие.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи «Әл-Маядин» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ақпарат өкілі Исмаил Бақайи Иранның қазіргі уақытта тек қорғанысқа басымдық беретінін, нысаналар базасы күн сайын жаңартылып отыратынын, Иранның БҰҰ мүшесі ретінде өз-өзін қорғау аясында АҚШ пен сионистік режимнің агрессиясына тойтарыс беріп жатқанын және елдің қарулы күштері кез келген жауап қайтаруға толық өкілетті екенін айтты.
Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі аймақтағы қазіргі тұрақсыздықтың себебін АҚШ пен Израильдің агрессиясы деп атап, бұл шабуылдардың нысанасы тек Иран емес, бүкіл аймақ мемлекеті болғандықтан барлық мемлекет басқыншылықты айыптауы тиіс екенін баса айтты.
Иран нысаналар базасын күн сайын жаңартып отырады
Бақайи «Әл-Маядинге» берген сұхбатында былай деді: «Біздің қарулы күштеріміздің жауап қайтаруға толық өкілеттігі бар. БҰҰ мүшесі ретінде Иранның егемендігі мен аумақтық тұтастығы үшін маңыздысы БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес, сионистер мен америкалықтардың агрессиясына тойтарыс беру үшін барлық мүмкіндігімізді пайдалану саналады. Біздің аймақтағы іс-қимылдарымыз, соның ішінде америкалықтарға тиесілі базалар мен нысандарға жасалған шабуылдар осы шеңберде қарастырылуы керек. Нысаналардың егжей-тегжейіне келетін болсақ, сионистік режим көп нәрсені жасырып отырғанымен сол аумақтардан тараған ақпараттар нысаналардың дәл көзделгенін көрсетеді. Иран Қарулы Күштерінде күн сайын жаңарып отыратын нысаналар банкі бар».
Келіссөзге емес, қорғанысқа басымдық беріледі
Уиткоффтың Иран СІМ басшысы Арақчимен бірнеше мәрте байланысуға тырысуы және Трамп өкіліне жауап берілмеуі туралы сұраққа Бақайи былай деп жауап берді: «Мен тек мынаны айта аламын: Иран Ислам Республикасы қазір 100 пайыз тек қорғаныс мәселесіне назар аударып отыр. Ирандағы шешім қабылдаушы тұлғалар тек елді қорғау ісімен айналысуда. Осы кезеңде бізді бұл мақсаттан алшақтататын кез келген нәрседен аулақ болуға тырысамыз».
Қажет болғанша қорғанысты жалғастырамыз
«Егер АҚШ агрессиясын тоқтатса, Иран да жауап қайтарудан бас тарта ма?» деген сұраққа Бақайи Иранның өткен тәжірибелерді ескеретінін айтты. Ол былай деп түсіндірді: «Біз ешқандай жағдайда өткен сабақтарды, әсіресе маусым айындағы америкалықтар мен сионистердің шабуылынан алған тәжірибемізді ұмыта алмаймыз. Біздің қорғанысымыз қажет санаған уақытымызға дейін жалғаса береді. Біз жауларымыздың қалаған уақытында шабуыл жасап, қиналғанда атысты тоқтатуды сұрап, кейін қайтадан шабуылдауына жол бермейміз. Бұл – Ислам Кеңесі Мәжілісі төрағасының да ұстанымы. Сондықтан Иранның егемендігін қорғау және барлық қауіп-қатерді жою жұмыстары жалғасады».
Аймақтағы тұрақсыздыққа Израиль мен АҚШ кінәлі
Аймақ елдеріндегі АҚШ базаларына жасалған шабуылдар туралы Бақайи: «Біз аймақтағы көршілес және араб елдеріне ешқандай қастық ниетіміз жоқ екенін талай рет айттық. Әрине, бұл агрессияның басқа ислам елдерінің жерін пайдалану арқылы жүзеге асырылуын ешкім құптамайды. Шын мәнінде, араб және ислам әлемінің көптеген елі АҚШ пен сионистердің бізге жасаған шабуылын айыптауда баяулық танытты.
Айта кету керек, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы – бұл кез келген ислам еліне және бүкіл аймаққа қарсы соғыс. Қазіргі жағдай тек америкалықтар мен сионистердің кесірінен болып отыр. Біз аймақ елдерінен бұл шабуылдарды бір ауыздан айыптауды күтеміз», — деді.













