Кеше, 23 қаңтар күні Қазақстанмен ынтымақтастық орнату мақсатында Башқұртстан басшысы Радий Хабиров бастаған делегация Астанаға келді.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, Башқұртстан басшысының Қазақстанға сапары 23-24 қаңтар күндері өтеді.
Астана әуежайында делегацияны Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қарсы алды.
Сапар барысында Башқұртстан делегациясы «Қазақстан-Башқұртстан» бизнес-форумына және Қазақстан мен Башқұртстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс тобының отырысына қатысады.
Сонымен қатар, жаңа байланыстар орнату мақсатында B2B форматында кездесулер өтеді.
Башқұртстан делегациясының Қазақстан басшылығымен өтетін кездесулері барысында сыртқы экономикалық мәселелер, гуманитарлық ынтымақтастық, туризм және басқа да бірқатар мәселелер талқыланады.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Башқұртстан Республикасы арасында тығыз экономикалық, саяси және мәдени байланыс сақталған.
Екі халық арасындағы бірнеше ғасырға созылған достық қарым-қатынас, ортақ тарих пен мәдениет негізінде Башқұртстан Қазақстанның өңірлерімен ынтымақтастықты дамытуға ниетті.



















