Сирия Президенті Башар Асад кеше, 21 қыркүйек күні өзінің қытайлық әріптесінің шақыруымен Қытайға ресми сапармен барды.
Башар Асад жұбайы Асмамен бірге бейсенбі күні Қытайдың Ханчжоу қаласына келді. Бұл – Башар Асадтың Қытайға жиырма жылдан бергі алғашқы сапары.
Башар Асад сапар барысында ертең, 23 қыркүйекте Ханчжоудағы XIX Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Сонымен қатар Сирия Президентінің сапары барысында Бейжің мен Шанхай қалаларына бару және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу жоспарланған.
Сирия ақпарат агенттігінің хабарлауынша, осы сапарда Башар Асадпен бірге жоғары мәртебелі делегация да барды. Сирия делегациясының мүшелері арасында СІМ басшысы, Экономика және сауда министрі бар.
Айта кетсек, Сирия Президенті 2004 жылы Қытайға алғаш рет ресми сапармен барған болатын.



















