Болгария Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) шеңберінде Қазақстанмен өзара іс-қимылдарды жандандыруға дайын екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Софияда Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев жаңадан тағайындалған Болгария Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік және байланыс министрі Гроздан Караджовпен кездесу өткізді.
Сұхбаттастар Астана мен Софияның көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен оны әрі қарай дамыту әлеуетін егжей-тегжейлі талқылады.
Кездесу барысында Еуропа, Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы көлік-транзиттік ағымдарды қамтамасыз етудегі артып келе жатқан рөлі контексінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) шеңберіндегі өзара іс-қимылдарды арттыру мүмкіндіктеріне назар аударылды.
В.Темірбаев ҚР Үкіметінің ТХКБ бойындағы қазақстандық порттардың инфрақұрылымын дамыту және қуаттылығын арттыру бойынша қабылдап жатқан шаралары, атап айтқанда Ақтау портында контейнерлік хаб және Құрық портында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының құрылыстары туралы айтып берді.
«Болгария, Қазақстан секілді жаһандық сауда тізбегінде маңызды транзиттік рөлді атқарады және осы тұрғыда біз көлік-транзиттік саладағы ынтымақтастықты жандандыруымыз қажет», – деді қазақ дипломаты.
Бұған қоса халықаралық автокөлік тасымалы саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері, оның ішінде рұқсат бланкілері квотасын өзара ұлғайту мүмкіндіктері бойынша пікір алмасу орын алды.
Өз кезегінде Г.Караджов Болгарияның Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдар үшін көлік-логистикалық хабы болуға әлеуеті бар екенін, сол себепті ТХКБ-ны дамыту мақсатында өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екенін білдірді. Болгар министрі бұл шаралар өзара сауда көлемінің ұлғаюына да әкелетінін айтты.
















