Жозеп Боррель Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебамен телефон арқылы сөйлесіп, Киевтің Курск облысына басып кіруіне қолдау білдірді.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель телефон арқылы әңгіме барысында Дмитрий Кулебаға ЕО-ның Украинаның Ресейге қарсы күресін толығымен қолдайтынын айтқан. Бұл туралы Боррель өзінің әлеуметтік желідегі аккаунтында жазды.
Сонымен қатар Боррель телефон арқылы сұхбатта Дмитрий Кулебаны 29-30 тамызда Брюссельде өтетін ЕО сыртқы істер және қорғаныс министрлерінің бейресми кездесуіне қатысуға шақырды.
Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі: «Келесі аптада Украинаның Ресейге басып кіруін қолдау мақсатында пікір алмасу үшін Брюссельде Дмитрий Кулеба және ЕО сыртқы істер және қорғаныс министрлерімен кездесуді асыға күтемін»,- деп жазды.
Сонымен қатар Боррель батыстың қару-жарағын қолданудағы шектеулердің алынуы арқылы Украина Ресейге қарсы жауап бере алатынын, бұл Киевтің қорғаныс әлеуетін нығайтуға әкелетінін айтты.
Жозеп Боррельдің айтуы бойынша, Киевтің батыстың қару-жарағын қолдануы Украинадағы шығындар мен материалдық залалды азайтып қана қоймай, бейбітшілікке қол жеткізу үшін күш-жігерді ілгерілетуге көмектеседі.
Дмитрий Кулеба да Жозеп Боррельмен телефон арқылы сөйлескенін Х әлеуметтік желісіндегі аккаунтында: «Боррельмен телефон арқылы сұхбатта Украина мен ЕО арасындағы қару-жарақ өндіру және жеткізу ынтымақтастығын кеңейту қадамдарына назар аударылды»,- деп жазды.
Украина әскері сейсенбі, 6 тамыз күні Ресей шекарасынан өтіп, Курск облысына соққы берді.
Ресей Президенті Владимир Путин тамыздың 8 күні Киевтің Курск облысына жасаған шабуылы салдарынан азаматтық нысандарға нұқсан келгенін айыптап, Украинаның бұл әрекетін арандатушылық деп атады.



















