АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы басқыншылық соғысына байланысты БРИКС тарихи бетбұрыс кезеңін бастан кешіріп отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Манитоба университетінің Геосаяси экономиканы зерттеу тобының директоры Радхика Десаи Press TV сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.
Сарапшының айтуы бойынша, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы агрессивті соғысынан туындаған геосаяси сілкіністер жаһандық альянстарды өзгертуді жалғастыруда, ал БРИКС тарихи бетбұрыс кезеңін бастан кешіріп отыр.
Радхика Десаи Иранға қарсы басқыншылық Батыс үстемдік ететін институттардың құлдырауын тездетіп, қалыптасып жатқан әлемдік жүйедегі қайшылықтарды әшкерелеп жатқанын мәлімдеді.
Сарапшы: «Ұзақ мерзімді перспектива айқын. Соғыс көпполярлы әлемнің қалыптасуын айтарлықтай жеделдетті. Бұл соғыс Вашингтонның шамадан тыс әскери араласуын, экономикалық осалдығы мен дипломатиялық тұрақсыздығын ашып көрсетті.
Алайда, қысқа мерзімді перспективада жағдай әлі де екіұшты болып қала бермек.
БРИКС-тің көптеген мүшесі, соның ішінде Үндістан мен Бразилия қате есеп жасады. Бұл жаңа әлемдік тәртіпке шын мәнінде адал елдер мен әлі де нақты ұстанымын айқындамаған елдер арасындағы күрт айырмашылықты әшкереледі», — деді.
Десаи Ормұз бұғазының жабылуы БРИКС мүшелеріне қалай әсер еткені туралы сұраққа блок елдері үшін зардаптардың біркелкі еместігін айтып: «Иран Қытайға мұнай экспорттауды жалғастырып жатқанда Сауд Арабиясы мен Біріккен араб Әмірліктері шығынға батты. Ресей әлі де оқшауланған күйде. Бразилия мен Индонезия сияқты ірі өндірушілер басқа санатта»,-деп жауап берді.
Сарапшының айтуы бойынша, негізгі ауыртпалық мұнай импорттаушы елдер Үндістан, Оңтүстік Африка, Эфиопия және Мысырға түсіп отыр. Стратегиялық су жолының жабылуына байланысты бұл елдерде экономикалық мәселелер күн санап ушығуда.
Десаи энергия ресурстарының бағасынан бөлек, алдағы азық-түлік апаты туралы ескертті.
Мұның алдында Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бироль CNBC-ге берген сұхбатында әлем бұрын-соңды болмаған энергетикалық қауіпке тап болғанын ескертіп, қазіргі дағдарысты 1970-ші жылдардағы мұнай дағдарысынан да ауыр деп атады.
Сол дағдарысқа қарағанда, Иранға қарсы бұл негізсіз әрі заңсыз соғыс мерзімсіз сипатқа ие әрі бүкіл әлемге әсер етеді.
Сарапшы Десаидың болжамынша, маңызды ресурстар — тыңайтқыштар, гелий және қазба отындары ұзақ уақыт бойы тапшы болады. Ал ондаған жыл бойғы неолибералды саясаттан әлсіреген әлемдік ауыл шаруашылығы мұнай өңдеу өнімдеріне тәуелді болады. Бұл жаһандық азық-түлік дағдарысына әкеп соғып, Қытай, Үндістан мен Бразилия сияқты БРИКС елдеріне қатты соққы болып тиеді.
Қаржы саласында долларсыз төлем жүйесін құру процесі баяу жүруде. Қытайлық CIPS пен m-bridge жүйелеріне және юаньге сұраныс артқанымен, «BRICS Pay» жүйесінің нақты баламасы әлі пайда болған жоқ. Десаидың пікірінше, Үндістан, Бразилия және ОАР-дағы билеуші таптар әлі де долларға тым тәуелді, ал олардың экономикасы Батысқа бағытталған.
Манитоба университетінің профессоры Иранға қарсы соғыс көпполярлы болашаққа кімнің шын мәнінде дайын екенін айқындап бергенін баса айтты. Қақтығыс мәнін терең түсінетін Ресей, Қытай және Иран қиындықтар алдында шегінбейді. Ал Үндістан сияқты басқа елдер көбіне іспен бекітілмеген бос сөзбен шектелуде.
Десаидың айтуынша, соғыс жаңа әлемді құрушыларды сырттай бақылаушылардан ажыратып жатыр.
Алиреза Каманди
Press TV












