Ташкент қаласында басталған Өзбекстан-Иран бірлескен бизнес форумы бүгін Хорезмде өз жұмысын жалғастырады.
Еуразия Тудейдің Dunyo ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кеше 19 қыркүйек күні Ташкент қаласында Өзбекстан-Иран бірлескен бизнес форумы өтті.
Шараның басты тақырыбы — Өзбекстан мен Иран арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың шешуші факторы ретінде екі елдің іскер топтары арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайту.
Форумға Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі, Тегерандағы елшілік дипломаттары, Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі, Сауда-өнеркәсіп палатасы, Хорезм облысы мен Ташкент қаласы әкімдігі, Иранның Сауда-өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының өкілдері қатысуда.
Іс-шараларға қатысу үшін Өзбекстанға Иранның Сауда-өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының президенті Самад Хасанзаде бастаған 60-тан астам ірі компания басшылары келді.
Иран делегациясы форумға қатысумен қатар, Өзбекстанның тиісті министрліктері мен мекемелерінде келіссөздер жүргізіп, еркін экономикалық және өнеркәсіптік аймақтарға барады.
Өзбекстан-Иран бірлескен бизнес форумы барысында тараптар өнеркәсіп, инновация, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы, азық-түлік, балық шаруашылығы, құрылыс материалдары, фармацевтика, тоқыма, логистика және инженерия салаларындағы перспективалы жобаларды талқылайды. Сонымен қатар форум аясында Иран бизнес өкілдері мен Хорезм облысындағы кәсіпкерлер B2B форматында келіссөздер жүргізеді. Бүгінде Өзбекстанда ирандық капиталдың қатысуымен 268 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 121-і бірлескен кәсіпорын.
















