БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш әлемнің үлкен соғыстың алдында тұрғанын ескертіп, мәлімдеме жасады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Таяу Шығыстағы дағдарыс екінші айға ұласты. Антониу Гутерриштің айтуы бойынша, әлем бүкіл аймақты қамтып, жаһандық деңгейде апатты салдарға әкеп соқтыруы мүмкін үлкен соғыстың алдында тұр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы: “Бұл қақтығыстың әсері қазірдің өзінде барлық жерде сезіліп отыр. Кеме қатынасы еркіндігінің бұзылуының салдарына назар аударудың өзі жеткілікті. Біз мұны азық-түлік пен жанармай бағасының қымбаттауына тап болған Филиппин, Шри-Ланка, Мозамбик және одан да алыс елдердегі адамдардың күнделікті өмірінен көріп отырмыз”, -деді.
Гутерриш кеше, бейсенбі күні Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде журналистер алдында сөйлеген сөзінде дағдарыстан шығудың бейбіт жолын іздеуге бағытталған дипломатиялық күш-жігерді еске салып, барлық тараппен тығыз байланыста екенін мәлімдеді. Антониу Гутерриш аймаққа өзінің жеке өкілі Жан Арноны жіберетінін айтып, АҚШ пен Израильді соғысты тоқтатуға, ал Иранды көрші елдерге шабуыл жасауды доғаруға шақырды. Ол: “Қақтығыстар өздігінен бәсеңдемейді. Соғыс тек көшбасшылар қиратудың орнына диалогты таңдағанда ғана аяқталады. Бұл таңдауды жасау әлі де мүмкін. Оны дәл қазір жасау керек”, -деді.












