БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұма күні жанжал аймақтарында жүрген гуманитарлық және БҰҰ қызметкерлерін қорғау туралы қарар жобасын қабылдады.
Еуразия Тудейдің Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, қарар жобасын Қауіпсіздік Кеңесінің 14 мүшесі қолдап дауыс берді. Ресей қалыс қалды.
Қарар сионистік режимнің Газа секторына жасаған қылмыстық шабуылдарынан жеті айдан астам уақыт өткен соң қабылданды. БҰҰ мәліметі бойынша соғыс салдарынан 250-ден астам БҰҰ гуманитарлық қызметкері қаза тапты.
БҰҰ Газа секторындағы ашаршылық жағдайы туралы ескертті. Сондай-ақ, Израильді Газаға қосымша көмек жіберу үшін рұқсат беруге міндеттеді.
Швейцарияның БҰҰ жанындағы елшісі және Тұрақты өкілі Паскаль Берисвиль тілшілерге қарардың бүкіл әлемдегі барлық гуманитарлық қызметкерге қатысты екенін айтты.
БҰҰ жанындағы Словения елшісінің орынбасары Ондина Блокардың айтуынша, 2003 жылдан бері бүкіл әлем бойынша кем дегенде 2 491 гуманитарлық қызметкер қаза тауып, тағы 4 500-ден астам қызметкері жарақат алған немесе оларды ұрлап әкеткен.
Ол бұл сандар Газа секторында, Судан, Украина және басқа аймақтардағы қарулы қақтығыстарға байланысты ай сайын артып келетінін айтты.
Газа секторында қаза тапқан гуманитарлық құтқарушылардың көпшілігі БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көресту және жұмыс жөніндегі агенттігінің (UNRWA) қызметкерлері.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл мәселеге қатысты тергеу жүргізу қажеттігін атап өтті.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Роберт Вуд Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Газа соғысында 250-ден астам гуманитарлық қызметкердің қаза табуы БҰҰ тарихында болмаған жайт екенін мәлімдеді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Швейцария ұсынған қарар барлық мемлекеттерді «БҰҰ гуманитарлық ұйымдарының қызметкерлерін, соның ішінде жергілікті жалданған қызметкерлерді құрметтеуге және қорғауға» шақырады.



















