Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі қайта қалпына келтірген санкциялар Иран экономикасына, соның ішінде мұнай экспортынa әсер етпейді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ислам Республикасының Мұнай өнімдерін экспорттаушылар одағының өкілі Хамид Хоссейни мәлімдеді.
Хамид Хоссейни: “Біріккен Ұлттар Ұйымының санкциялары маңызды. Алайда олардың Иран экономикасына әсері шамалы. Өйткені бұл санкциялар халықтың өмір сүру деңгейіне еш қатысы жоқ, әрі экономикалық саладағы бұрынғы санкцияларға жаңа ештеңе қоспайды”, – деді.
Хоссейнидің айтуынша, Иран күнтізбесі бойынша осы жылдың алғашқы бес айында экспорт көлемі 20 миллиард долларды құрады. Ал, Иранның мұнай сатудан түсетін табысы 43 миллиард долларға жетеді деп болжануда.
Айта кетейік, 26 қыркүйек күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Ресей мен Қытай ұсынған 2231 қарардың күшін алты айға ұзартуды көздеген жаңа қарар жобасын қабылдамады. 28 қыркүйек күні Иранға қарсы Біріккен Ұлттар Ұйымының санкциялары қайта күшіне енді.

















