Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының кеңсесі (UNAMA) Талибан қозғалысынан осы елде интернет пен телекоммуникацияға қолжетімділікті дереу және толық қалпына келтіруді сұрады.
Еуразия Тудейдің «Шафақна» агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша интернеттің өшірілуі Ауғанстанның әлеммен байланысын үзді.
UNAMA: «Интернетке қолжетімділікті үзу Ауғанстанды әлемнен толық бөліп тастады. Ауғанстан халқына келетін айтарлықтай зиян, соның ішінде ауған халқының экономикалық тұрақтылығына қатер төндіру және әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарыстардың бірін ушықтыру қаупі бар», — деді.
Кеңсе мұндай тыйымның жылдам және ауқымды салдары бар екенін, соның ішінде банктік және қаржылық маңызды жүйелердің жұмысына қатты әсер ететінін, әйелдер мен қыздардың оқшаулануын күшейтетінін, жедел қызметтер мен медициналық көмекке қолжетімділікті шектейтінін, авиация секторында ақау тудырып, қолдау көрсетілетін отбасылардың ақша аударымдарына қолжетімділікті шектейтінін баса айтты.
Айта кетейік, Ауғанстан астанасы Кабул мен осы елдің басқа да провинцияларында кеше дүйсенбі күні кештен бері интернет қызметтері мен мобильді байланыс толығымен тоқтатылып, әлі іске қосылған жоқ.
Интернетке спутник арқылы қол жеткізе алатын Кабулдағы шетелдік бір дипломат The Washington Post басылымына тәліптердің Ауғанстандағы интернеттің өшірілуі «келесі ескертуге дейін» жалғаса беретінін айтқанын хабарлады.












