Черногорияның Будва қаласында израильдік туристер тобы соққыға жығылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, оқиға өткен сенбі күні орын алған. Бұл туралы зардап шеккендердің бірі Израильдің KAN қоғамдық телерадиокомпаниясына берген сұхбатында мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, израильдік туристерге шабуыл жасағандар «Палестинаға бостандық!» деп айқайлап, Израильге қарсы балағат сөздер айтқан.
Туристердің айтуынша, жанжал басталғанға дейін олар ешкімге кедергі келтірмей, жағажайда демалып отырған. Зардап шеккен израильдік турист: «Оннан астам адам бізді балағаттап, тепкілеп ұрып, үстімізге орындықтар лақтырды», — деді.
Кейін нақтыланған ақпарат бойынша, шабуыл жасағандардың саны шамамен 20 адам болған. Антисемиттік сипаттағы шабуыл салдарынан бір туристің жақ сүйегі сынып, тағы бірінің тістері зақымданған. Сонымен қатар, зардап шеккендердің бірі KAN агенттігіне берген сұхбатында тағы бір жәбірленушінің қатты соққыдан кейін есінен танып қалғанын айтты.
Израильдік туристердің айтуынша, шабуылдан кейін олар жақын маңда болған полиция қызметкерлеріне көмек сұрап жүгінген. Алайда олардың сөзінше, тәртіп сақшылары «демалушыларға шу шығарып, кедергі келтіргендерің үшін өздерің кінәлісіңдер» деген жауап қайтарған.
Израильдің №12 телеарнасының хабарлауынша, осы айдың басында Черногорияның солтүстігіндегі Плав қаласына барған тағы бір израильдік туристер тобы екі жергілікті тұрғын тарапынан қудалауға ұшыраған.



















