Данияның әсіре оңшыл “Қиын жол” партиясының жетекшісі Расмус Палудан Құран Кәрімнің көшірмесін өртеп жіберді.
Еуразия Тудейдің Aftonbladet басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, Палудан X әлеуметтік желісіндегі аккаунтында Копенгагендегі Түркия елшілігінің алдында Құранға қарсы жасалған бұл сұмдық әрекеті туралы ашық жазды.
Оқиға Швециядағы ирактық босқын Салван Момика қайтыс болғаннан бірнеше күн өткен соң орын алды.
Басылымның хабарлауынша, бұл дат саясаткері Дания полициясының мұндай күпірлік әрекеттерге тыйым салған мәлімдемесіне қарамастан Момика қайтыс болғаннан кейін Құранды тағы да қорлады.
Палудан бұған дейін, 2024 жылдың қаңтар айында Швеция астанасы Стокгольмдегі Түркия елшілігінің алдында Құран Кәрім кітабының көшірмесін өртеп, оны қорлаған болатын.
Бейсенбі, 30 қаңтар күні швед БАҚ 2023 жылы наразылық шерулері кезінде Құран көшірмелерін өртеп жіберген Момиканың қайтыс болғанын растады.
















