Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемге Марбург вирусының таралу қаупі жоғары екенін ескертті.
Еуразия Тудейдің The Daily Mirror басылымына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Руандада Марбург вирусының 26 жағдайы тіркелді, оның ішінде сегіз адам қайтыс болды.
Басылымның мәліметінше, Руанда Денсаулық сақтау министрлігі індет ошағы анықталғанын растаған.
Расталған жағдайлардың 70 пайыздан астамы Кигалидегі екі медициналық мекеменің медицина қызметкерлеріне тиесілі. Қазіргі уақытта вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болған 300 адам бақылауда.
ДДCҰ Марбург вирусы геморрагиялық қызбаны тудыруы мүмкін және оның Эбола вирусымен байланысты екенін айтуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ауру белгілері бірден басталып, науқастың дене қызуы көтеріліп, басы қатты ауырып, мазасызданады.
Марбург вирусы адамдарға жарқанаттар арқылы беріледі. Бұл вирус жұқтырған адамдардан тікелей байланыс, зақымдалған тері, сондай-ақ, қан арқылы жұғады.
Бүгінде вирусты емдеуге рұқсат етілген вакцина немесе вирусқа қарсы препарат жоқ.



















