Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Израиль мен Ливан арасында қол жеткізілген атысты тоқтату келісімін дереу орындауға шақырды.
Еуразия Тудейдің Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Тедрос Адханом Гебрейесус Ливан мен Израиль арасындағы атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгеніне ризашылық білдірді.
Гебрейесус X парақшасында мәлімдеме жариялап, жуырдағы Ливанның денсаулық сақтау жүйесіне қақтығыстың жойқын әсерін ескере отырып, ДДСҰ бітімге келуді құптайтынын жазды.
ДДСҰ бас директоры: “Біз бұл келісім тез арада жүзеге асып, Ливанда тұрақты бейбітшілік орнатылады деп үміттенеміз. Сонымен қатар, Газа секторында және аймақта бейбітшілікке бағытталған әрекеттерге серпін береді деп сенеміз”, — деді.
Гебрейесус Газа секторындағы ауыр гуманитарлық жағдайға тоқталып: “Газа тұрғындары әлі зардап шегіп жатыр. Олар дереу атысты тоқтатуға, ауқымды гуманитарлық көмекке және бейбітшілікке мұқтаж. Ең жақсы дәрі — бейбітшілік”, — деп баса айтты.
Айта кетейік, АҚШ Президенті Джо Байден Израиль мен Ливан арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Атысты тоқтату туралы келісім екі елдің үкіметтері мақұлдағаннан кейін күшіне енді. Келісім бойынша, Ливан қарулы күштері 60 күн ішінде елдің оңтүстік шекарасында орналасады. Хезболла жауынгерлерін Литани өзені аралығындағы аймақтан әкетеді. Сонымен қатар Израиль өз әскерін аймақтан кезең-кезеңімен шығара бастайды.
Джо Байденнің айтуынша, АҚШ әскері бұл операцияларға қатыспайды.




















