Тәжікстан астанасы Душанбеде 2025 жылғы 5 ақпанда Ауғанстандағы қазіргі жағдайды талқылауға арналған Орталық Азия мен Еуропалық одақ арнайы өкілдерінің 6-шы отырысы өтті.
Отырыста 2024 жылғы ақпандағы соңғы кездесуден бергі Ауғанстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси оқиғалар, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен ЕО-ның Ауғанстанға көмек көрсету тәсілдері туралы пікір алмасу болды.
Кездесуге қатысушылар сонымен қатар Ауғанстандағы адам құқықтарының, әсіресе әйелдер мен қыздардың жағдайы, сондай-ақ қауіпсіздік проблемалары мен қауіп-қатерлерге назар аударды.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, отырыста Ауғанстанда экономикалық өсім байқалғанымен, ауған халқының жағдайы ауыр күйінде қалып отырғаны, халықтың төрттен бір бөлігі аштыққа ұшырап жатқаны аталып өтті.
Қатысушы елдер Ауғанстанмен одан әрі сауда ынтымақтастығын дамыту қажеттігі туралы келісті.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиевтің еліміздің Кабулмен сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту бойынша атқарып жатқан елеулі күш-жігері туралы ақпараты ерекше қызығушылықпен қабылданды.
















