Тәжікстан астанасы Душанбеде Қазақ киносы күндерінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Республика күнін мерекелеу аясында Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеде Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігі «Тәжікфильм» мемлекеттік мекемесі және Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп ұйымдастырған Қазақ киносы күндерінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Шарада қазақ халқының рухын, ұлтжандылығын, туған жерге деген сүйіспеншілігін, күш-қуатын, бірлікке деген ұмтылысын бейнелейтін «Патриоттар уақыты», «Қажымұқан», «Әміре» атты заманауи қазақ фильмдері көрсетілді.
Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов шара қонақтарына кино өзара түсіністік, мәдени дәстүрлер алмасу және тату көршілік қарым-қатынастарды нығайту үшін маңызды көпір қызметін атқаратынын атап өтті.
Сондай-ақ «Тәжікфильм» мемлекеттік мекемесінің директоры Махмадсаид Шохиён қазақстандық кинематографияның бүгін тәжік көрермендеріне рухы жақын жоғары кәсібилік пен терең мазмұнды көрсетіп отырғанын атап айтты.
Кинотеатрдың фойесінде Қазақстанның мәдени мұрасының байлығын көрсететін қазақтың дәстүрлі кәдесыйлары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі қойылды. Сондай-ақ қонақтарға қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылды.
Фильм көрсетілімдері 2025 жылдың 30 қазанына дейін «Ватан» кинотеатрында жалғасады.












