Иран мен Беларусь өкілдері екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынасты кеңейтіп, дамыту қажеттігін қуаттады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде Минскіге сапары барысында еуразиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған Минск III халықаралық конференциясы аясында Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Максим Рыженковпен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен өзара қызығушылық тудыратын мәселелерді талқылады.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында еуразиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған Минск III халықаралық конференциясы секілді диалог алаңдарының маңыздылығын ерекше атап айтты.
Айта кетейік, Хатибзаде Минск қаласында Иран Сыртқы істер министрлігі жанындағы Саяси және халықаралық зерттеулер орталығының басшысы ретінде шамамен 200 делегат қатысқан екі күндік конференция жұмысына қатысты.
Конференция 29 қазан күні Минск қаласында басталды. Шараға 48 мемлекет пен 7 халықаралық ұйымның саяси, сарапшылық және талдамалық қауымдастық өкілдері қатысты. Іс-шараның мақсаты қазіргі әлемдік жүйе жағдайында Еуразия қауіпсіздігінің болашағына қатысты инклюзивті пікірталас ұйымдастыру болды.



















