Иран Ислам Республикасының Ресейдегі елшісі Казем Джалали 2025 жылы Иран мен Ресей арасында сауда көлемінің айтарлықтай өсетінін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Казем Джалали ИРНА агенттігіне берген сұхбатында Иран Президенті Масуд Пезешкианның 17 қаңтарда Мәскеуге жоспарланған сапары екі елдің сауда саласындағы кедергілерін жою және екіжақты қарым-қатынасты дамыту үшін маңызды қадам болатынын баса айтты.
Елші Иран мен Ресей арасындағы сауда көлемін арттыруға бірнеше фактор, соның ішінде екі ел президенттерінің алдағы келіссөздері, екіжақты валюталық және банктік келісімнің келесі кезеңдерін жүзеге асыру, Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауданың жүзеге асырылуы және геосаяси жағдайлардың өзгеруі ықпал ететінін атады.
Казем Джалали 2022 жылдың 24 ақпанында Украинадағы қақтығыс басталғаннан кейін Ресей қажетті тауарларды жеткізу үшін көлік бағыттарын жақсартуға назар аударып, Иранмен экономикалық байланысты нығайтуға белсенді түрде мүдделі екенін айтты.
Сондай-ақ, елші Иран мен Ресей арасындағы валюталық келісімнің бірінші кезеңі жүзеге асырылып жатқанына тоқталып: “Бұл ирандықтарға банкоматтар арқылы рубль алу үшін карталарды пайдалануға мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, екінші және үшінші кезеңдер 2025 жылы жүзеге асырылады. Бұл екі елдің азаматтары арасындағы есеп айырысуды жеңілдетеді”, -деді.
Джалали 2025 жылы Иран мен ЕАЭО-на мүше бес ел арасындағы еркін сауда туралы келісімінің күшіне енуіне ерекше назар аударды. Елшінің айтуынша, бұл келісім 9 мыңға жуық тауар түріне кедендік баж салығын алып тастауды көздейтіндіктен өзара сауда үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Джалали: “Ресейдің ЕАЭО ішінде ең ірі экономика екенін ескерсек, 2025 жылдың соңына қарай Иран мен Ресей арасындағы сауда көлемі айтарлықтай артады деп күтілуде. Көлік инфрақұрылымын жақсартып, валюталық мәселелерді шешкен жағдайда екі елдің экономикасы интеграцияланып, сауда қатынасында айтарлықтай жетістіктерге жете алады”, -деді.

















