Иранның Ресейдегі елшісі Тегеранның АҚШ-пен маңызды келіссөздерден қашпайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Иранның Мәскеудегі елшісі Казем Джалали 2025 жылдың қорытындысы бойынша ТАСС агенттігіне берген арнайы сұхбатында Ресеймен әскери ынтымақтастықтың артқанынан тоқталып, «Рашт-Астара»теліміндегі теміржолдың іске асырылу мерзімдері және жаңа жылда АҚШ-пен Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөз үдерісінің болашағы туралы ойымен бөлісті.
— Екі ел диалогындағы өткен жылдың қорытындысын қалай бағалайсыз?
2026 жылы елдер алдында қандай негізгі міндеттер мен ең перспективалы жобалар тұр?
— Ең алдымен осы маңызды сұрақ үшін рахмет. Барлығымыз назар аударуымыз керек маңызды жайт — біріншіден, Иран-Ресей қарым-қатынасы шын мәнінде жан-жақты сипатқа ие, яғни біз саяси, экономикалық, мәдени, әскери және қауіпсіздік салаларындағы қатынастардың ең жақсы тарихи деңгейінде тұрмыз.
Екіншіден, мен атап өткен барлық саладағы қатынас оң және артып келе жатқан тенденциямен сипатталады. Біздің екіжақты қарым-қатынасымызда бірнеше ірі жоба, соның ішінде «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі жүзеге асырылуда.
Өткен жылы «Рашт-Астара» учаскесіндегі теміржол құрылысына қатысты мәселелердің басым бөлігі шешілді. Қазіргі уақытта бұл учаске жобаның ең күрделі түйіні болып табылады. Жер учаскелерін сатып алу негізгі мәселе ағымдағы жылдың наурыз айының соңына қарай толық шешіледі.
Екіжақты қарым-қатынасымыздың тағы бір маңызды бағыты — Ресей газын Иран арқылы жеткізу. Бұл мәселе қазір аяқталу деңгейінде. 2025 жылы халықаралық барлық форумда елдеріміздің бір-біріне көрсеткен бұрын-соңды болмаған жан-жақты қолдауын атап айтқым келеді. Биыл Иранда «Ресей мәдениеті апталығы» форумы өтті. Әскери және қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынас та кеңеюде. Бұл жерде мұндай ынтымақтастықтың егжей-тегжейі туралы айту орынсыз.
— «Солтүстік–Оңтүстік» көлік дәлізінің «Рашт–Астара» учаскесі 2026 жылы салынып бітеді ме?
— «Рашт–Астара» учаскесіндегі теміржол құрылысының жобасы «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің (ХКД) Батыс тармағындағы жетіспей тұрған буын ретінде екіжақты қарым-қатынастағы ең маңызды жобалардың бірі болып табылады. Бұл жоба екі ел билігі тарапынан ең жоғары деңгейде белсенді түрде ілгерілетуде.
Қуанышқа орай, өткен жылы біз бұл жобаны іске асыруда айтарлықтай ілгерілеушілікті байқадық. Инженерлік ізденістерге қатысты қосымша келісімге қол қойылды. Жоба үшін жер учаскелерін сатып алу жұмыстары айтарлықтай алға басып, құрылыс үшін қазірдің өзінде 100 шақырымнан астам жер бөлінді. Сатып алу үдерісі күнделікті режимде жүріп жатыр. Иран тарапының айтуынша, жерді иемдену жұмыстары ағымдағы иран күнтізбесінің соңына дейін, яғни наурыздың үшінші онкүндігіне қарай аяқталады.
Іске асыру туралы шартқа қол қою да аяқталу деңгейінде тұр. Тараптар оның көптеген тармақтары бойынша келісімге келді. Жақын арадағы бірнеше айда біз жобаны іске асыру және пайдалану кезеңіне өтеміз. Оны толық аяқтауға 3 жылдан 4 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Тараптар бұл жобаны тезірек аяқтауға үлкен ниет танытып отыр, ал оның іске асуы дәліздің өткізу қабілеті мен тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
— Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров бұған дейін Батыстың Каспий «бестігін» (Ресей, Иран, Әзірбайжан, Қазақстан, Түрікменстан) ыдырату және аймақта өз шешімдерін таңу сияқты бүлдіргі жоспарларын айтқан болатын. Тегеран Каспийдегі аймақтан тыс ойыншылардың алаңдатарлық белсенділігін байқап отыр ма? «Бестік» бұған қарсы тұру үшін қандай талпыныс жасамақ?
— Иран Ислам Республикасы ынтымақтастық аясын тек осы бес ел арасында сақтау қажеттігін әрдайым баса айтып келеді. Тегеранның ұстанымы Мәскеудің ұстанымы сияқты Каспий теңізінің қауіпсіздігі мен ресурстарын басқару аймақтан тыс және шетелдік державалардың араласуынсыз, тек Каспий маңы мемлекеттері арқылы жүзеге асырылуы тиіс деген принципке негізделген.
Каспий маңындағы бес мемлекет бұл мәселені шешу үшін ынтымақтастықтың бірнеше бағытын іске асыруда: қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және экономика салаларындағы іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында сыртқы істер министрлерінің мерзімді кездесулері мен Каспий жағалауы мемлекеттерінің саммиттері сияқты аймақтық ынтымақтастық институттарын нығайту; Каспий маңы мемлекеттері емес елдердің теңізде әскери құзырын болдырмау үшін 2018 жылы қол қойылған «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция» негізінде ортақ құқықтық шеңберлер әзірлеу; контрабандаға, экологиялық қауіптерге және күдікті әрекеттерге қарсы тұру үшін бірлескен жаттығулар мен патрульдеу жүргізу арқылы теңіз қауіпсіздігі саласындағы үйлестіруді күшейту; шетелдік ойыншыларға тәуелділікті төмендету мақсатында транзит, энергетика және балық шаруашылығы салаларында аймақтық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.
Үйлестірілген аймақтық дипломатия — Батыстың қысымына қарсы бірыңғай позиция ұсыну және Каспий теңізі елдері арасындағы саяси келіспеушіліктердің алдын алу әрекеті. Иран «Каспий бестігінің» басқа мүшелері сияқты аймақтық тұтастықты сақтауға, Каспий теңізі мәселелерінің шамадан тыс интернационалдануына жол бермеуге тырысады, ал осы бес ел арасындағы ынтымақтастықтың жалғасуы Батыстың болжамды күн тәртібіне қарсы тұрудың негізгі құралы ретінде қарастырылады.
— Жаңа жылда Иранның ядролық бағдарламасының келешегі қандай? Тегеран бұл бағытта АҚШ-тың келісімге келу қабілетіне оптимистік көзқараспен қарай ма?
— Иран Ислам Республикасы Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) мүшесі ретінде өзінің бейбіт ядролық қызметін жалғастырады. Иранның ядролық саладағы стратегиялық доктринасы діни принциптерге, моральдық пайымдарға және ұлттық қауіпсіздік есептеріне негізделген. Ирандықтар өзара мүдделі мәселелер бойынша әділ және теңгерімді келісімге қол жеткізуге бағытталған шынайы әрі маңызды келіссөздерден ешқашан қашпайды.
— Алдағы жылғы екіжақты тауар айналымы мен туризм саласына қатысты болжамдарыңыз қандай? Иран ресейлік туристер ең көп баратын бес елдің қатарына кіре ме?
— Біз екі ел арасындағы туристік байланысты дамытуға бағытталған күш-жігерімізді міндетті түрде жұмсайтын боламыз. Бұл саладағы қазіргі өзара іс-қимыл деңгейін ескере отырып, біз Ресейден Иранға келетін туристер саны айтарлықтай артады деп тырысамыз және үміттенеміз.












