Қазақстанға Embraer әуе кемесін өндіруші компания мен Бразилияның CENIPA — авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығының өкілдері ұшып келеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Бразилияның ұшақ жасау компаниясы Embraer ұшағы кеше Ақтау маңында апатқа ұшырағаннан кейін мәлімдеме жасады.
Мәлімдеме компанияның ресми сайтында жарияланды: «Қазақстанның Ақтау қаласы маңында Embraer 190 ұшағының қатысуымен болған оқиғаға қатты қайғырдық.
Зардап шеккендердің отбасыларына, достарына, әріптестеріне және жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Біз жағдайды мұқият қадағалап отырмыз және тиісті органдармен жұмыс істеуге толығымен дайынбыз».
Айта кетейік, Қазақстанға Әзербайжан Республикасы Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің делегациясы, сондай-ақ Azerbaijan Airlines (AZAL) авиакомпаниясының да өкілдері келді. Жұмыс Әзербайжанның авиациялық билігімен бірлесе жүргізілуде.
Сондай-ақ, Ақтау қаласына Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия құрамында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев, көлік вице-министрі Талғат Ластаев, көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің директоры Нұржан Малаев, Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева, «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Нұржан Ахметов келді.
















