Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ибраһим Раисидің қайтыс болуына байланысты елінде бір күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланғанын хабарлады.
Еуразия Тудейдің түрік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Иран президенті Ибраһим Раиси және оның жанында болған делегациясының тікұшақ апатынан қайтыс болуына байланысты елінде бір күндік жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.
Ердоған теледидарда сөйлеген сөзінде: «Министрлер кабинетінің отырысында Иран халқының ауыр қайғысын бөлісу үшін жалпыұлттық аза тұту күнін жариялауды ұйғардық», — деді.
Түркия президенті cөзінде: «Ирандық бауырларымызға тағы да көңіл айтамыз», деп қосты.
Сонымен қатар, Ердоған атқарушы биліктің басшысы Мохаммад Мохбермен телефон арқылы сұхбатта Сейед Ибраһим Раиси мен оның серіктерінің қайтыс болуына байланысты көңіл айтып, Анкараның осы қиын күндерде Иран халқымен бірге екенін жеткізді. Сондай-ақ Раисидің аймақта бейбітшілік пен достықты нығайтудағы күш – жігерін атап өтті.
Режеп Тайып Ердоған осы телефон қоңырауында: «Өзімнің, ұлтымның және елімнің атынан осы қазаға байланысты Иран халқына көңіл айтамын және марқұм Сейед Ибраһим Раиси мен Иранның Сыртқы істер министрі үшін рақым тілеймін», деп мәлімдеді.
Түркия президенті елінің осы қиын күндерде де әдеттегідей Иранның мейірімді әрі бауырлас халқымен бірге болатынын жеткізді.
Ердоған: «Біздің ирандық бауырларымыз бұл кезеңді сабырлы түрде және өздерінің ежелгі және берік мемлекеттік дәстүрлері негізінде еңсеретініне шын жүректен сенемін», — деді.
Түркия президенті «Х» әлеуметтік желісіндегі хабарламасында: «Мен оның билікте болған кезінде Иран халқы мен біздің территориямызға бейбітшілік орнату жөніндегі күш – жігерінің куәсі болған әріптесім ретінде Президент Раисиді құрметпен және ризашылықпен еске аламын», -деп жазды.
Ибраһим Раиси мінген тікұшақ жексенбі күні түстен кейін Иранның солтүстік-батысындағы Верзеған ауданында «Қиз қаллехси» бөгетін ашу рәсімінен кейінгі қайтқан сәтте ауа райының қолайсыздығына байланысты апатқа ұшырады. Тікұшақ ішінде Ибраһим Раиси, СІМ басшысы Хоссейн Амир Абдуллаһиан, Шығыс Әзірбайжан губернаторы Малек Рахмати, Тебриз қаласының жұма намазы имамы аятолла Мохаммад Әли әл Хашем, Президенттік қауіпсіздік бөлімшесінің қолбасшысы Сейед Маһди Мусави және тікұшақтың басқа да экипаж мүшелері болды.



















