Иран Израильдің әрекеттеріне қарсы мұсылман елдерінің бірлігін күшейтуді ұсынды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы, бригада генералы Маджид Ибн Реза Израильдің арандатушылық әрекеттеріне тосқауыл қою үшін ислам мемлекеттері нақты бірлік танытуы қажет екенін мәлімдеді.
Маджид Ибн Реза бұл туралы Түркия Қорғаныс министрі Яшар Гюлермен телефон арқылы сұхбатында айтты.
Иранның Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы мұсылман елдерін бірыңғай қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға шақырып, Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың негізгі себебі өңірдегі сыртқы күштердің болуы екенін баса айтты.
Келіссөз барысында тараптар өңірдегі қазіргі ахуалды, атысты тоқтату туралы келісімнің орындалу барысын, сондай-ақ Тегеран мен Анкара арасындағы екіжақты әскери ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.
Айта кетейік, өткен айда Иран мен Түркия Қорғаныс министрлері телефон арқылы келіссөз жүргізіп, Иран, Түркия, Пәкістан, Сауд Арабиясы мен Мысыр кіретін жаңа әскери-саяси коалиция құру бастамасын талқылаған болатын.
Ибн Реза сұхбат барысында Тегеранның Вашингтонға сенбейтінін, Иран Қарулы Күштерінің толық жауынгерлік дайындықта тұрғанын және келісім кез келген түрде бұзылған жағдайда лайықты жауап қайтарылатынын мәлімдеген еді.
Сондай-ақ, Маджид Ибн Реза Израильдің Ғаза секторы, Ливан, Сирия және Иран аумағындағы іс-әрекеттерін қатаң айыптап, АҚШ-ның қолдауы Тель-Авивтің басқыншылық саясатын одан әрі ушықтырып отырғанын баса айтып, мұсылман әлемін ортақ қауіпке қарсы тұру үшін бірлік танытуға шақырды.



















