Иранның Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садеқ Қазақстан сапарының ең маңызды жетістіктерінің бірін Иран ұсынған бастамалардың қабылдануымен байланыстырды.
Иранның Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садеқ Қазақстан сапарының жалғасындағы Алматы қаласындағы кездесуі аясында Еуразия Бүгін ақпарат торабы тілшісінің бірнеше сауалына жауап берді.
Тілші: Қазақстан сапарыңыздың ең маңызды жетістігі мен нәтижелеріне тоқталып, қол жеткізілген келісімдерді атаңызшы.
Фарзане Садық: Сапардың ең маңызды жетістіктерінің бірі транзиттік тасымалды арттыру мен Иран ұсынған бастамаларға қатысты болды. Қазақстандық тарап, осы елдің Көлік министрі біздің барлық бастаманы қолдады.
Әлемдегі ең ірі жүк тиеу орталығы Қытайдан Қазақстанға, Қазақстаннан Иранға, Ираннан Еуропаға ашылатын дарбаза Чабаһардың азат суларына, Түркия мен Ираққа тауар транзитін жүзеге асыру бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізілді.
Тағы бір мәселе Ауғанстан арқылы транзитті дамыту болды. Бұл келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыратын болып уағдаластық. Келесі тақырып — бірлескен логистикалық орталықтар құру мәселесі. Бұл ретте Иран Қазақстандағы Қорғас және Ақтау айлақтарында, ал Қазақстан тарапыИрандағы Шәһид Раджаи, Чабаһар, Әмірбад айлақтары мен Тегерандағы Априн құрғақ айлағында логистикалық нысандарын орналастыратын болады.
Осы орайда, уағдаластықтар алдағы уақытта жүзеге асады деп үміттенеміз. Қалай болғанда ерекше атап өтетін жайт, Қазақстан — әсіресе астық пен бидай өнімдері бойынша ірі жүк көзі. Ал Иран аумағы арқылы Қазақстан әлдеқайда аз уақыт ішінде, жеңіл әрі қауіпсіз түрде ашық суларға шыға алады. Сондай-ақ, Чабаһар айлағы арқылы Африка елдерімен және Үндістанмен тікелей байланыс орната алады.
Қарастырылған тағы бір мәселе әуе рейстерінің санын арттыру болды. Иран әуекомпаниялары мен Қазақстанның әуе компанияларын ескере отырып, осы тақырып алдағы уақытта тиісті түрде қарастырылғаннан кейін рейстер санын көбейтеміз. Мен сондай-ақ Қорғас құрғақ айлағын аралап көрдім. Иранға оралғаннан кейін жеке сектор өкілдерімен және жеке секторда, соның ішінде өндіріс пен логистика салаларында қызмет ететін ирандықтармен кездесулер өткізіп, олардың Қорғасқа баруы арқылы байланысымызды тереңдете түсеміз деп үміттенемін.
Тілші: Каспий теңізіндегі тасымал және Иран мен Қазақстан айлақтары арасындағы тауар айналымын арттыру үшін қандай шара қарастырылған?
Теңіз тасымалы тұрғысынан Әмірабад пен Ақтау айлақтары арасындағы кеме қатынасы өте жақсы жұмыс істеп тұр. Мен ертең Ақтау айлағын да аралап көремін. Алдағы жоспарларымызға сәйкес, Қазақстаннан Әмірабад айлағына жүк тасымалдау көлемін арттыру мәселесі қазіргі уақытта қарастырылып жатыр.
Сұхбатыңызға рақмет!
















