Францияның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі және елшісі Николас де Ривьер Газадағы атысты дереу тоқтатуға шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Николас де Ривьер жұма күні жергілікті уақыт бойынша тілшілерге Францияның Рафах пен Газадағы жағдайға қатты алаңдайтынын мәлімдеді.
Николас де Ривьер: «Бірнеше күн бұрын Франция Президенті Эммануэль Макрон Х әлеуметтік желісінде айтқандай, қазіргі уақытта Газада қауіпсіз аймақ жоқ. Біз атысты тоқтатқымыз келеді. Біз Рафахта операцияның болғанын қаламаймыз. Біз Газа секторына толық гуманитарлық қол жетімділікті қамтамасыз етуге шақырамыз. Бұл шарттар қазір қол жетімді емес»,- деді.
Сондай-ақ Николас де Ривьер сөзінде Франция БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Алжир қарарының жобасын қолдайтынын айтты.
Францияның БҰҰ-дағы елшісі Хамас Израильге қауіп төндірсе де және Израильдің қауіпсіздігі «талқыланбайтын» болса да, халықаралық гуманитарлық құқықты сақтау қажеттігін қуаттады.
Ол: «Біз қазір Газада, атап айтқанда Рафахтағы жағдайды көріп отырғанымыздай, бейбіт тұрғындар арасында құрбан болғандардың саны тым көп және соғысты дереу, қазір тоқтату керек»,- деп баса айтты.
Газа Денсаулық сақтау министрлігі Газа секторындағы соғыста қаза тапқандар мен жараланғандар туралы жаңа статистиканы жариялады. 7 қазаннан бері Израиль шабуылдарынан қаза тапқандар саны 36 171 адамға жетті және 81 420 адам жарақат алды.



















