G7 тобындағы еуропалық мүшелерінің қаржы министрлері АҚШ-тың Қытай тауарларына тарифтерін көтергеннен кейін сауда соғысының қаупі туралы ескертті.
Еуразия Тудейдің Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Германия, Франция және Италия елдерінің қаржы министрлері мен Орталық банк басшылары Италияның солтүстігіндегі Стреза қаласында өткен G7 министрлер жиналысының бірінші күні Қытайдың экспорттық әлеуетін арттыруға қарсы «бірыңғай майдан» құруға шақырды.
Өткен аптада АҚШ Қытай тауарларына, соның ішінде электромобильдер, компьютерлік микросхемалар, медициналық жабдықтар мен күн батареяларына кедендік алымды арттырды. Бұл шешімге реакция танытқан Қытай өз құқықтары мен мүдделерін батыл қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.
АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен бейсенбі күні Вашингтонның Жапония, Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия және Канада сияқты «үлкен жетілік» тобындағы одақтастарының АҚШ-пен ынтымақтастығын көрсеткенін қалайтынын айтты.
Франция Қаржы министрі Брюно Ле Мэр жұма күні «Қытай біздің экономикалық серіктесіміз» деп мәлімдеп, Бейжіңмен сауда соғысын болдырмау маңызды мәселе екенін атады. Бірақ Брюно Ле Мэр G7 елдері өзінің өнеркәсіптік мүдделерін Қытайдың «әділетсіз сауда тәсілдерінен» қорғауы керек екенін айтты.
Германия да Қытаймен сауда соғысын жүргізгісі келмейді. Осы елдің Қаржы министрі Кристиан Линднер бұл жөнінде журналистерге «Сауда соғысы — бұл жай ғана жеңіліс және бұдан жеңіс табу мүмкін емес», деді.
Италия Экономика министрі Джанкарло Джорджетти АҚШ қатаң шешімдер қабылдағанын атап, Еуропа да осындай қадамдар жасауға мәжбүр болуы мүмкін екенін айтты.
Джанкарло Джорджетти Итальяның Rai телеарнасына берген сұхбатында «АҚШ тарифтері Қытай тауарларының Еуропаға экспортын арттырады. Сондықтан «үлкен жетілік» мүшелерінің біртұтас болып қалуы және Еуропа елдерінің бір-бірімен бәсекеге түспеуі маңызды», деді.



















