Германия әскери-әуе күштері кеше, 1 тамыз күні Газа секторына әуеден гуманитарлық көмек жеткізуді бастады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Германияның Бундесвер ұшағы Палестина аумағына әуеден шамамен 14 тонна азық-түлік пен дәрі-дәрмектен тұратын 34 паллет тастады.
Бұл туралы Германия Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.
Германия канцлері Фридрих Мерц бұл жеткізілімдерді Газа секторындағы ауқымды гуманитарлық дағдарыспен салыстырғанда өте аз деп атағанымен, оны маңызды қадам деп бағалап: “Біз осындамыз, осы аймақтамыз. Біз көмек көрсетеміз”, — деді.
Газа секторына 1 тамыз күні алғашқы гуманитарлық жүкті Франция тастады. Бұл туралы осы елдің Президенті Эмманюэль Макрон X әлеуметтік желісінде жазып, бейнежазба тіркеді.
Эмманюэль Макрон гуманитарлық көмек көрсеткен серіктестері — Германия, Иордания және БАӘ-не алғыс білдірді.
Франция Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің мәлімдеуінше, жақын күндері Газа секторына тағы бірнеше тонна азық-түлік жіберіледі.
Испания да кеше, 1 тамыз күні Газа секторына 12 тонна гуманитарлық көмек тастады. Италия Сыртқы істер министрі Антонио Таяни да елінің 9 тамыздан бастап гуманитарлық әуе көпіріне қосылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Таяни Рим Газа секторынан балаларды емделуге эвакуациялауды бастауды жоспарлап отырғанын айтты.
Айта кетейік, Иордания мен БАӘ Газа секторына ұшақтар арқылы гуманитарлық көмекті 27 шілдеден бастап тастай бастады.




















