АЭХА Бас директоры Рафаэль Гросси Қазақстанға АЭС салу жобасын іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Гросси бұл туралы 2025 жылғы 3 желтоқсанда Венада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездесуде мәлімдеді.
Р.Гросси атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстанның маңызды үлесін және АЭС салу жоспарлары мен ядролық медицинаны дамытудан Өскемен қаласындағы АЭХА төмен байытылған уран банкінің табысты қызметіне дейінгі бастамаларын айрықша атап өтті. Ол АЭС салу жобасын іске асырудың барлық кезеңдерінде Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, ынтымақтастықтың басқа да негізгі бағыттарын қамтитын өзара іс-қимыл жөніндегі жол картасын әзірлеуді және қол қоюды ұсынды.
Қазақстанда АЭХА техникалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан онкологиялық ауруларды емдеуге арналған инновациялық ядролық технологияларды дамыту, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, сондай-ақ бұрынғы Семей полигоны аумағын қалпына келтіру бойынша жобалар жоғары бағаланды.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Ермек Көшербаев еліміздің ұлттық атом саласын дамыту және атом электр станцияларын салу жөніндегі жоспарларымен таныстырып, көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі стратегиялық міндеттің өзектілігін атап айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен АЭХА көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге өзара мүдделілік пен дайындықты растады.















