Атом қуаты халықаралық агенттігінің (АҚХА) бас директоры Рафаэль Гросси Агенттікпен ынтымақтастық жасауды Иранның өзіне тиімді деп атады.
Гросси бұл ұйымның ядролық мәселелер бойынша өзара іс-қимыл тетігін әзірлеу үшін Иранның талаптарын ескеруге дайын екенін мәлімдеді.
Атом қуаты халықаралық агенттігінің бас директоры Рафаэль Гросси «Спутник» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Агенттік пен Тегеран арасындағы ядролық мәселелер бойынша диалогтың болашағы туралы былай деді: «Біз бұл өзара іс-қимылды қарсы тарапқа құрмет көрсететіндей және оның талаптарын ескеретіндей етіп ұйымдастыра аламыз, бірақ ядролық қаруды таратпау саласындағы жұмыс жалғасуы тиіс».
Ол алдағы өзара іс-қимыл форматы көбінесе басқа саяси мәселелердің дамуына байланысты болатынын, сондай-ақ Агенттіктің бір мезгілде сабырлық пен табандылық танытуы қажеттігін айтып: «АҚХА ядролық мәселелер бойынша өзара іс-қимыл тетігін әзірлеу үшін Иранның ұсыныстары мен талаптарын назарға алуға дайын», — деді.
Сонымен қатар, Гросси Агенттікпен ынтымақтастық жасау Иранның өзіне тиімді екенін алға тартып: «Біз ирандық әріптестерімізге бұл процеске қатысудың өте маңызды екенін және олардың бізбен бірге жұмыс істеуі керектігін түсіндіріп жатырмыз», – деді.
Айта кетейік, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақаи бұған дейін Гроссидің Иранның ядролық ісіне қатысты әрекеттерін сынға алып, АҚХА-ның техникалық және институционалдық беделі саяси мүдделердің құрбаны болған кезде, ол агрессияны ақтау мен жеңілдету құралына айналатынын мәлімдеген болатын.
















