Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры Рафаэль Гросси Қазақстанның Иранның байытылған уранын сақтауға әзір екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры Рафаэль Гросси Financial Times басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.
Гроссидің айтуы бойынша, Қазақстан Тегеран мен Вашингтон арасында Ислам республикасының ядролық бағдарламасына қатысты келісімге қол жеткізілген жағдайда Иранның байытылған уранын қабылдауға дайын.
Гросси Агенттіктің Қазақстанда Төмен байытылған уран банкі жұмыс істейтінін, сол жерде Иранның уранын қауіпсіз орналастыруға болатынын айтты. Оның айтуы бойынша, қазіргі уақытта Тегеран мен Вашингтон өзара жеңілдіктерге баруға әзір және келісім жасасуға мүдделі.
Байытылған уранды Иран аумағынан шығару мәселесі — Тегеран мен Вашингтон арасындағы соғыс қимылдарын тоқтату жөніндегі келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі.
Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке мүше елдердің атом электр станцияларын отынмен қамтамасыз ету және ядролық қарудың таралмауын қадағалау мақсатында халықаралық бақылаудағы Төмен байытылған уран банкі жұмыс істейді. Стратегиялық нысан 2017 жылы іске қосылды.



















