Соңғы уақытта Грузияға саяхаттайтын Қытай азаматтарының саны артып келеді. Осыған орай елде гид мәселесінде қиындық туындауда.
«Вестник Кавказа» агенттігі: «Грузияда қытайлық туристер ағынының артуына байланысты елде гидтердің тапшылығы байқалды» деп жазды.
Грузияда Қытайдан келген туристер ағынымен күресуде қиындықтар туындағаны жөнінде салаға жауапты қауымдастық басшысы Эльза Бебия мәлімдеме жасады.
Эльза Бебияның айтуы бойынша, бүгінде елде гидтерге қатысты жағдай күрделі.
Гидтер қауымдастығының басшысы Қытай азаматтарының басым көпшілігі басқа тілді білмейтін ел болғандықтан, Грузияда қытай тілін білетін гидтердің жетіспеушілігі байқалғанын және бұл басты өткір мәселеге айналғанын айтады.
Қытай мен Грузия арасындағы визасыз режимнің енгізілуі Грузияда қытайлық туристер ағынының артуына себеп болды.
Еске сала кетсек, Грузия үкіметі 2023 жылғы қыркүйек айында Қытай елімен сауда-экономикалық қарым-қатынасты өрістету және инвестиция тарту мақсатында қытайлық азаматтар үшін визалық талаптарды алып тастады.



















