БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израиль мен Хезболла арасындағы шабуылдардың күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, Ливанның Газа секторына айналуы мүмкін екенін ескертті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш CNN телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Антониу Гутерриш CNN тілшісі Фарид Закарияның сионистік режимнің Хезболлаға қарсы шабуылдарына байланысты Батыс Азиядағы жағдайдың нашарлауы туралы сұрағына жауап беріп: «Мені Ливанның Газа секторына айналу ықтималдығы алаңдатады. Бұл әлем үшін жойқын трагедия болуы мүмкін»,- деді.
Newsweek журналы Гутерриштің ескертулеріне сілтеме жасап, кеше жексенбі күні: «Ливанда «Хезболла» қарулы тобы мен Израиль соңғы 11 ай бойы Газа секторындағы соғыспен бір уақытта бір-біріне ірі соққы жасады. Бірақ шиеленіс Ливанға қарсы бірқатар шабуыл және пейджерлер мен рациялардың жарылуынан кейін күшейе түсті»,- деп жазды.
БҰҰ Бас хатшысы бүгін, дүйсенбі күні Нью-Йоркте басталатын БҰҰ-ның жыл сайынғы саммиті қарсаңында: «Маған екі жақтың да атысты тоқтатуға мүдделі емес екені түсінікті»,- деді.
Гутерриш бұған дейін Газадағы жағдайды «гуманитарлық апат» деп сипаттаған болатын. Сондай-ақ, Гутерриш бұған дейін тараптарға ұсынылған келісімдер өте ақылға қонымды және екі тарап та оны қабылдауы керектігін баса айтқан болатын.
БҰҰ басшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик жұма күні журналистерге берген сұхбатында Гутерриш Ливандағы жарылыстарға қатты алаңдап, барлық тарапты барынша ұстамдылық танытуға шақырғанын айтты.
17-18 қыркүйекте Ливанда «Хезболла» ұйымының пейджерлері мен рациялары жарылды. Лаңкестік оқиға салдарынан кем дегенде 37 адам қаза тауып, 4 мыңнан астам адам жараланды. Көптеген елдер мен халықаралық ұйымдар Ливандағы жарылыстарды айыптап, аймақтағы шиеленісті азайту қажеттігін баса айтты.
«Хезболла» ұйымының жетекшісі Хасан Насралла Ливандағы электронды құрылғылардың жарылуын соғысқа әкелетін лаңкестік шабуыл деп сипаттап, кек қайтаратындарын жариялады.




















