Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Тәжікстанды шағын мемлекет болғанымен, ықпалы зор ел деп атады.
Еуразия Тудейдің ТР Президенті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл туралы Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен бүгін, шілденің бесі күні Душанбеде кездесуде мәлімдеді.
Кездесу барысында Тәжікстан Республикасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Эмомали Рахмон жоғары мәртебелі мейманды Тәжікстанда қарсы алып: «Біріккен Ұлттар Ұйымы Тәжікстан Республикасының басым бағдарламалар кешенін жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады», — деп баса айтты.
Антониу Гутерриш те өз кезегінде Тәжікстанның әлемдік проблемаларды шешудегі елеулі үлесін ерекше атап өтіп: «Тәжікстан шағын мемлекет болғанымен, ықпалы зор және Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысы мен жалпы әлемдік қоғамдастықтың жұмысында көрнекті рөл атқарады», — деді.
Кездесуде сонымен қатар бүгінгі таңда адамзат бетпе-бет келіп отырған жаһандық қауіптер мен сын-қатерлердің алдын алу жолдары туралы пікір алмасу болды.
Тараптар қауіпсіздік мәселелеріне қатысты терроризмнің, экстремизмнің және трансшекаралық ұйымдасқан қылмыстың, соның ішінде есірткінің заңсыз айналымы мен басқа да жаһандық қауіп-қатерлердің күшеюіне қарсы бірлескен іс-қимыл жасауды жақтады.
Айта кетейік, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің хабарлауы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш кеше, шілденің төрті күні Тәжікстан Республикасына ресми сапармен келді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришті Душанбе халықаралық әуежайында осы елдің ресми тұлғалары күтіп алды.












