Иордания Сыртқы істер министрі Айман Сафади Амманның Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен жағдайда бейтараптық қағидатын сақтайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иордания Сыртқы істер министрі Айман Сафади ирандық әріптесі Аббас Арақчимен телефон арқылы сұхбат барысында айтты.
Иордания Сыртқы істер министрі корольдіктің өз аумағын аймақтық қақтығыстың кез келген тарабы үшін соғыс алаңына айналдыруға жол бермейтінін атап айтып: “Иордания аймақтағы қақтығыстардың шайқас алаңына немесе Иранға қарсы әскери қимылдардың плацдармына айналмайды. Корольдік ешбір тараптың өзінің әуе шекарасын бұзуына және өз азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндіруіне жол бермейді”, -деді.
Сонымен қатар Иордания Иранның ядролық бағдарламасы туралы мәселені тек дипломатия және диалог арқылы шешуге шақырды.
Сафади Иорданияның Таяу Шығыс аймағындағы шиеленісті азайтуға және тыныштық орнатуға бағытталған күш-жігерді қолдайтынын тағы растады.
Арақчи Иорданияның ұстанымын, оның аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген ұмтылысын жоғары бағалады.
Тараптар аймақтағы оқиғалар бойынша екіжақты кеңесулерді жалғастыруға және жағдайды тұрақтандыруға ықпал етуге уағдаласты.



















