Иранның Шариф атындағы технологиялық университеті әлеуметтік он робот жасап шығарды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ираннның Шариф атындағы технологиялық университетінің әлеуметтік және когнитивтік робототехника зертханасында әлеуметтік 10 робот жасалды.
Зертхана қазіргі таңда роботтың тағы жаңа үш үлгісін әзірлеу үстінде. Бұл туралы зертхананың басшысы Әлиреза Тахери ИРНА агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Әлеуметтік роботтардың жасалуы Шариф атындағы технологиялық университеттің 12 жылға созылған зерттеу жұмыстарының нәтижесі болып табылады.
Зертхана басшысының айтуы бойынша, соңғы 12 жылда “Араш-1 және 2”, “Раса-1 және 2”, “Табан-1 және 2”, “Майя”, “Армин”, “Апо” және “Рома” сияқты 10 робот жасалған.
Тахери: “Қазіргі уақытта біз роботтың жаңа үш үлгісін әзірлеп жатырмыз. Сол роботтардың бірі зағип жандарға арналған “Пишиар” атты ақылды таяқ болып табылады. Пингвин мен тиынға ұқсайтын тағы екі робот дислексиямен ауыратын балаларға, сондай-ақ егде жастағы адамдарға арналған”, — деді.

















