Иран СІМ көмекшісі және Парсы шығанағы департаментінің директоры Мохаммад Әли Бек АҚШ пен Ұлыбританияның Сана қаласының әртүрлі ауданына жасаған ауқымды шабуылдарын қатаң айыптады.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Мохаммад Әли Бек АҚШ пен Ұлыбританияның бұл әрекеттерін Газа секторындағы сионистік режим қылмыстарының жалғасуына қолдау көрсету деп сипаттады.
Мохаммад Әли Бек: “АҚШ пен Ұлыбританияның Йеменге қарсы қайталанған әскери басқыншылығы халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын айқын бұзу және осы елдің ұлттық егемендігі мен аумақтық тұтастығына жасалған ашық шабуыл болып табылады”, — деді.
Әли Бек Батыс Азия аймағындағы барлық қақтығыстар мен шабуылдардың себебін сионистік режимнің Газа секторында жүргізіп отырған саясатының жалғасы деп атап, бұл режимнің шабуылдары аймақтық және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке кері әсерін тигізетінін тағы ескертті.
Сондай-ақ, Иран СІМ көмекшісі АҚШ бастаған коалицияның Йемен аумағындағы авантюристік және басқыншылық шабуылдары аймақты тұрақсыздандыруға және Йемен дағдарысына қатысушы тараптар арасындағы атысты тоқтату келісіміне нұқсан келтіруге бағытталғанын мәлімдеді.
Әли Бек АҚШ пен Ұлыбританияны аймақтағы қауіпті және болжауға болмайтын салдарларға тікелей жауапты деп санайды.















