Иран АҚШ санкциялары күшейтілген жағдайда да шектеулерді айналып өту тетіктерін таба алады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мұндай пікірді Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының Таяу Шығыс елдерін зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Ирина Фёдорова білдірді.
Шығыстанушының айтуынша, Тегеран ұзақ уақыттан бері санкциялық қысым жағдайында жұмыс істеп келеді. Осы кезеңде Иран сыртқы сауданы, соның ішінде мұнай экспортын жалғастыруға мүмкіндік беретін түрлі тетіктерді қалыптастырған.
Фёдорова АҚШ әкімшілігінің Иранға экономикалық қысым жасау құралдары шектеулі екенін баса айтты.
Сарапшының айтуы бойынша, Иран Каспий теңізі арқылы қажет тауарларды, соның ішінде азық-түлік, дәрі-дәрмек және гуманитарлық көмекті алып отыр.
Иранның Экономика министрі Әли Мадинизаде бұл мәселеге қатысты кеше, дүйсенбі күні IRINN телеарнасына берген сұхбатында тоқталып, елінің АҚШ-тың жаңа санкцияларына толық дайын екенін мәлімдеді. Министр АҚШ президенті Дональд Трамптың Тегеранға қарсы жаһандық экономикалық қысымды күшейту туралы мәлімдемесіне жауап ретінде Иранның қаржылық арналарын толығымен жабу мүмкін емес екенін айтып: «АҚШ тағы бір сәтсіз әрекет жасауға шешім қабылдаған сияқты. Тегеран Вашингтонның жаңа қысым шараларына қатысты жоспарынан хабардар болды әрі оған алдын ала дайындалды. Үкіметтің екі жылдық жоспары бар, сондықтан мұндай жағдайға толық дайынбыз»,-деді.
Мадинизаденің айтуы бойынша, Иран Президенті Масуд Пезешкианның әкімшілігі санкцияларға қарсы әрекет ету жоспарын біраз уақыттан бері әзірлеп келеді.
Сонымен қатар, Әли Мадинизаде Тегеранның да экономикалық қысымға жауап беруге арналған өз тетіктері бар екенін атап айтып: «Біздің де өз құралдарымыз бар және бұл ойынды қалай жүргізу керектігін білеміз», — деді.
Айта кетейік, Дональд Трамп 20 тамыз күні Truth Social әлеуметтік желісінде Вашингтонның Иранды толық экономикалық оқшаулауға ниетті екенін жазып, бұл шараны «экономикалық D-Day» деп атады. Сондай-ақ ол Иранға қолдау көрсететін кез келген ел экономикалық салдарға тап болатынын ескертті.
24 тамыз күні Reuters агенттігі АҚШ Қаржы министрлігі Тегеранға қарсы екінші деңгейлі санкциялар аясын кеңейтуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

















