Иран билігі АҚШ-тың ирандық әуе компанияларына енгізген санкцияларына байланысты Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ICAO) шағым түсірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Азаматтық авиация ұйымының басшысы Абузар Шируди мәлімдеді.
Ширудидің айтуынша, шағымға АҚШ-тың әрекеттерінен кейін әуе қатынасында туындаған іркілістерді растайтын құжаттар мен деректер қоса берілген.
Сонымен қатар Шируди Иран өз құқықтарын қорғап, заңсыз деп санайтын шектеулерге қарсы тиісті әрекеттер жасайтынын атап айтты.
Оның сөзінше, Иранның Азаматтық авиация ұйымы елдің Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, туындаған кедергілерді жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Иран билігі бірнеше ел тоқтатқан әуе рейстерін қайта қалпына келтіруге күш салып, бұл мәселе бойынша дипломатиялық арналар арқылы түсініктеме талап етуде.
Бағдат пен Эн-Наджаф әуежайларына қатысты Шируди Ирак билігінің ирандық әуе кемелеріне қызмет көрсетуді қайта бастау мәселесімен айналысып жатқанын айтты.
Оның мәліметінше, Наджаф әуежайы алдағы күндері ирандық жолаушылар ұшақтарын қабылдауды қайта бастауы мүмкін.
Айта кетейік, 23 қыркүйекте АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессент Иранның авиация саласына қатысты қатаң шектеулер енгізілетінін, Тегеранмен ынтымақтастық орнататын елдерге де санкциялық шаралар қолданылуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
Осы мәлімдемеден кейін бірқатар мемлекеттер ирандық әуе компанияларына қызмет көрсетуді шектеу туралы шешім қабылдады. Соның салдарынан Иран мен өзге елдер арасындағы кейбір әуе рейстері уақытша тоқтатылып, кейбір елдер ирандық әуе кемелеріне қызмет көрсетуден бас тартты.



















