Иран Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы қақтығысты шешу жолдарын іздеуге барынша жәрдемдесуге дайын.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи мәлімдеді.
Аббас Арақчи X әлеуметтік желісіндегі парақшасында: “Ауғанстан мен Пәкістан бар келіспеушіліктерді тату көршілік қарым-қатынас аясында және диалог арқылы реттеуі тиіс. Иран Ислам Республикасы екі ел арасындағы диалогты ілгерілетуге, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту бойынша кез келген көмекті көрсетуге дайын”, -деп жазды.
Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қайтадан қақтығыс басталды. Ауғанстан армиясы Пәкістан тарапынан жасалған әуе соққыларына жауап ретінде әскери операция бастады.
Ауғанстанның жоғарғы көшбасшысының баспасөз хатшысы Забиулла Моджахед Пәкістанның әуе шабуылдары салдарынан ондаған бейбіт тұрғынның, соның ішінде әйелдер мен балалардың қаза тауып, жараланғанын мәлімдеді.
Білім министрлігінің дерегінше, медресеге жасалған соққы салдарынан бес оқушы қаза тапқан. Оның үшеуі ұл, екеуі қыз.
Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы қарулы қақтығыс алғаш рет 2025 жылдың күзінде ушыққан болатын. Сол кезде Пәкістан өз аумағындағы лаңкестік оқиғаларға Талибан қозғалысының қатысы бар деп айыптап, Ауғанстан билігін лаңкестерге қолдау көрсетті деп кінәлады. Қарулы қақтығыстар 15 қазанға дейін жалғасты.
Ауғанстан мен Пәкістан өкілдері Қатар мен Түркияның арағайындығымен 18 қазанда Дохада өткен келіссөздер барысында шекарада дереу атысты тоқтату жөнінде келісімге келген болатын.



















