Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұрады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұған ХАМАС ұйымының жетекшісі Исмаил Ханияның Тегеранда өлтірілуі және Израильдің Ливан мен Сирияға шабуылы түрткі болған.
Иран Тегеранда ХАМАС саяси бюросының басшысы Исмаил Ханияға жасалған шабуылға және Ливан мен Сирияға қарсы соққыларға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұрады. Иранның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жолдаған хатында: «Біз Қауіпсіздік Кеңесін БҰҰ Жарғысы бойынша батыл әрекет етуге шақырамыз. Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен Израиль режимінің Иранның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қарсы агрессия және террористік актілерін, сондай-ақ, Ливан мен Сирияға жасаған шабуылын қарастыру үшін шұғыл отырыс өткізуді сұрайды. Қауіпсіздік Кеңес аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін мұндай агрессияның қайталанбауын қамтамасыз ету үшін осы қылмыстық әрекетке жауап ретінде жедел шара қабылдауы керек. Израиль жауапқа тартылып, жазалануы керек. Аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтірудің жалғыз жолы – сионистік режимнің геноцидтік қылмыстарын дереу және біржола тоқтату», — деп жазылған.
Иранның БҰҰ-дағы өкілдігі Израильдің әрекетін Қауіпсіздік Кеңес дереу айыптауы керек деп санайды.
ХАМАС саяси бюросының басшысы Исмаил Хания мен оның оққағарларының бірі кеше, сәрсенбі күні таңертең Тегеранда қаза тапты. Хания Иран Президенті Масуд Пезешкианның инаугурация рәсіміне қатысу үшін Тегеран қаласына келген болатын.



















