Ислам революциясының жетекшісі аятолла Әли Хаменеи сионистік режимнің ХАМАС ұйымының жетекшісі Исмаил Ханияны өлтіргені үшін қатаң жазаланатынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ислам революциясының жетекшісі Исмаил Ханияны Тегеранда өлтіргеннен кейін өткізілген Ұлттық қауіпсіздік Жоғарғы кеңесінің шұғыл отырысында айтты.
The New York Times басылымының дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, Әли Хаменеи Тегеранда ХАМАС ұйымының жетекшісі Исмаил Ханияның өлтірілуіне жауап ретінде Израильге соққы беруді бұйырған.
Ол мұндай бұйрықты 31 шілде күні Ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесінің шұғыл отырысында берген.
Басылымның хабарлауынша, Иран басшылығы Тель-Авив пен Хайфа маңындағы әскери нысандарға ұшқышсыз ұшу аппараттары мен зымырандармен соққы беруді қарастыруда.
Иранның жаңадан сайланған президенті Масуд Пезешкиан да бұл оқиғаға қатысты қатаң мәлімдеме жасап, Израиль бұл әрекетіне өкінетінін айтты.
Бүгін 1 тамызда Тегеранда Исмаил Ханияны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі басталды. Ислам революциясының жетекшісі имам Хаменеи Тегеран университетінде Исмаил Ханияның жаназасын шығарады.
Исмаил Хания ертең, жұма күні Қатарда жер қойнына тапсырылады.


















