Иран делегациясы Америка Құрама Штаттарымен ядролық бағдарлама бойынша келіссөз жүргізу үшін Оманға аттанды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи бастаған дипломатиялық делегация ядролық бағдарлама бойынша Америка Құрама Штаттарымен келіссөз жүргізу үшін Оман астанасы Масқатқа бет алды.
Бұл туралы Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
Исмаил Бақайи: “Министр Арақчи бастаған дипломатиялық делегация ядролық бағдарлама бойынша Америка Құрама Штаттарымен келіссөз жүргізу үшін Масқатқа аттанды. Бұл дипломатиялық кездесу ядролық мәселе бойынша әділ, өзара тиімді және адал өзара түсіністікке қол жеткізу мақсатында жүзеге асырылып отыр”,- деп жазды.
Сонымен қатар, Бақайи Тегеранның бұрынғы келісімдердің бұзылуынан алынған ащы тәжірибені ұмытпағанын атап айтып: “Біз Иран халқының құқықтарын қорғауды әрдайым өз міндетіміз санаймыз. Сонымен қатар, Иран халқының мүдделерін қамтамасыз ету және өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін дипломатия мүмкіндіктерін жіберіп алмауға жауаптымыз”,-деді.
Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілінің айтуы бойынша, Иран Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздер үдерісін жолға қоюда жауапты рөл атқарып отырған көршілес дос елдермен қарым-қатынасты жоғары бағалайды.
Бақайи: “Біз америкалық тарап бұл үдеріске жауапкершілікпен, шынайы әрі байыпты түрде қарайды деп үміттенеміз”,- деді.
Айта кетейік, Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ядролық бағдарлама бойынша келіссөз бүгін, жұма, 6 ақпан күні Оманда өтеді.
















