Иран СІМ баспасөз хатшысы Исмаил Бақайи Еуропалық Одақ пен Ұлыбританияның ирандық жеке және заңды бірқатар тұлғаға қарсы жаңа санкциялар енгізуін халықаралық құқыққа, әсіресе адам құқықтарына қайшы және заңсыз әрекет деп атап, оны қатаң айыптады.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран СІМ баспасөз хатшысы Исмаил Бақайи сейсенбі күні Иранның Ресейге баллистикалық зымырандар сатқаны туралы айыптауларды жоққа шығарып, Иран Ислам Республикасының Украина қақтығыстарына қатысты ұстанымының айқын әрі принципті екенін баса айтты.
Бақайи: «Қақтығыс басталғаннан бері Иран соғысқа қарсы болды. Барлық елдердің бір-бірінің аумақтық тұтастығы мен ұлттық егемендігін құрметтеуін талап етіп, Ресей мен Украина арасындағы келіспеушіліктерді дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. Соған қарамастан, кейбір Еуропа елдері мен Ұлыбритания ешқандай дәлел келтірместен, осы қақтығыста Иранның әскери араласуын мәлімдеуде. Бұл мүлдем өрескел әрекет»,- деп баса айтты.
Иран СІМ баспасөз хатшысы Еуропалық Одақ пен Ұлыбританияның Иранға таққан айыптауларын екіжүзділік және қазіргі заманның ең маңызды мәселесі — Батыс Азия аймағындағы Израиль режимінің соғысы мен Палестина халқына қарсы жасалған геноцид қылмысын қоғам назарынан алшақтату деп атады.
Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі кейбір еуропалық елдердің, соның ішінде Ұлыбритания мен Германияның Израиль режимінің Газа секторы мен Ливандағы геноцид пен басқыншылық үшін пайдаланған қаруларын жеткізудегі рөліне тоқталып, бұл елдерді Палестина мен Ливан халықтарына қарсы жасалған қылмыстарға қатысы бар деп атады.
Бақайи геноцид қылмысының алдын алу және жазалау туралы Конвенцияға сәйкес мемлекеттердің құқықтық міндеттемелерін еске салып, Израиль режиміне қару-жарақ жеткізуші елдердің әрекеттері халықаралық құқықты бұзып, халықаралық жауапкершілікке әкелетінін баса айтты.



















