Иран Харк аралын күшейтуіне байланысты сарапшылар Америкаға ескерту жасады.
CNN арнасының АҚШ барлау мәліметтеріне сүйенген дереккөздерінің хабарлауынша, Иран соңғы апталарда Харк аралындағы әскери құзырын айтарлықтай күшейткен. Дереккөздерінің айтуынша, аралға қосымша күштер жіберіліп, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, жерүсті миналары, жер-әуе зымырандары және қолмен басқарылатын ұшыру қондырғылары орналастырылған. Бұл әрекеттер АҚШ-тың аралды бақылауға алуы мүмкін ықтималды операциясына дайындық ретінде бағалануда.
Харк аралы Парсы шығанағының солтүстік-шығысында орналасқан және Иранның мұнай экспортында шешуші рөл атқарады; Иран шикі мұнай экспортының шамамен 90%-ы осы арал арқылы өтеді. Дональд Трамп әкімшілігі тұсындағы америкалық жауапты тұлғалар аралды басып алу үшін құрлық әскерлерін пайдалануды Иранға қысым жасау және оны Ормұз бұғазын қайта ашуға мәжбүрлеу құралы ретінде қарастырған.
Дегенмен, әскери сарапшылар мен АҚШ ресмилері мұндай операцияның жоғары тәуекелдері туралы ескертуде. Мәліметтерге қарағанда, аралда көп деңгейлі бекіністер бар. Иран күштері америкалықтардың теңізден жасалатын шабуылдарын қиындататын жүйелермен жарақтанған. АҚШ әскері арасында ауыр шығын болу ықтималдығы жоғары деп есептеледі.
АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Харктағы қозғалыстарға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. АҚШ армиясы 13 наурызда аралға әуеден соққы беріп, шамамен 90 нысананы, соның ішінде мина мен зымыран қоймаларын жойған болатын. Трамп аралдың мұнай инфрақұрылымына зақым келмегенін айтты.
Израильдік дереккөздері Харк аралын басып алу әрекеті Иран тарапынан жаппай ұшқышсыз ұшақтар мен зымыран соққыларына әкеліп соқтыруы мүмкін екенін ескертеді. НАТО-ның бұрынғы қолбасшысы, отставкадағы адмирал Джеймс Ставридис Иранды «ақылды әрі аяусыз» деп сипаттап, бұл ел АҚШ әскеріне барынша көп шығын келтіруге тырысатынын айтты.
Иран басшылары да бұл мәселеге қатысты сес көрсетті. Мәжіліс төрағасы Мұхаммад Бақыр Қалибаф сәрсенбі күні әлеуметтік желілерде АҚШ әскерінің барлық қозғалысы Иран Қарулы Күштерінің жіті бақылауында екенін және кез келген Иран аралына жасалған шабуылға қатаң жауап берілетінін мәлімдеді.
Харк аралының аумағы Манхэттеннің үштен біріне тең. Оны бақылау үшін АҚШ-тың үлкен әскери күші қажет. Теңіздегі жылдам операцияларға маманданған АҚШ Теңіз жаяу әскерінің екі бөлімшесі Таяу Шығысқа жіберілді, сондай-ақ 82-ші әуе-десанттық дивизиясының шамамен мың сарбазы жақын арада аймаққа орналастырылмақ.
Дереккөздерінің айтуынша, CENTCOM аралдағы бекіністер мен миналардың өзгерісін анықтау үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыр.
Сонымен қатар, Парсы шығанағы елдері АҚШ-тан адам шығыны мен шиеленістің өршуін болдырмау үшін құрлықтық операция жасамауды сұрады. Олар балама ретінде Иранның зымырандық әлеуетін нысаналы түрде жою немесе құрлық әскерін кіргізбей-ақ Тегеранға қысымды күшейту үшін теңіз блокадасын ұйымдастыруды ұсынды.












