Иран АҚШ-мен жанама келіссөздер барысы туралы стратегиялық одақтастарын хабардар етіп отырады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің басшысы Әли Акбар Ахмадиан Бразилияда өткен БРИКС елдерінің қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі Жоғары өкілдердің кездесуі аясында Қытай Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің басшысы кездесуде Бейжіңнің Тегеранның ең басты саяси әрі экономикалық серіктесі екенін қуаттап, АҚШ-мен жанама келіссөздер барысы туралы стратегиялық одақтастарын хабардар етіп отыратынын айтты.
Әли Акбар Ахмадианның айтуынша, Иран Қытаймен стратегиялық қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға мүдделі.
Өз кезегінде Ван И Қытайдың Иранның аймақтағы және келіссөздердегі принципті ұстанымдарын дәйекті түрде қолдайтынын, сондай-ақ Тегеранмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін айтты.
Қытай Сыртқы істер министрі елін Иран Ислам Республикасының жан-жақты стратегиялық серіктесі деп атап, Иранның ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану құқығын қуаттады.
Сондай-ақ Ван И: “Қытай жан-жақты стратегиялық келісім аясында Иранмен өзара іс-қимылды нығайтады. Біз Иран Президентінің Бейжіңге алдағы сапары екіжақты қарым-қатынастың тұрақты болуына ықпал етеді деп үміттенеміз”, — деді.
Айта кетейік, Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің басшысы Әли Акбар Ахмадиан БРИКС елдерінің қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі Жоғары өкілдердің кездесуіне қатысу үшін 30 сәуір күні Бразилияға сапармен барды.



















