Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Шахин Мустафаев Иран мен Әзербайжан арасындағы банктік шектеулердің жойылғанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Шахин Мустафаев Иран мен Әзербайжан арасындағы бірлескен экономикалық комиссия отырысында сөйлеген сөзінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап айтты.
Шахин Мустафаев Тегеранның әзербайжандық делегацияны жылы қабылдағанына ризашылығын білдіріп, күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің талқылануы екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосатынын қуаттады.
Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары 2024 жылғы қаңтарда қол жеткізілген келісімдерге тоқталып, сол уақыттан бері екіжақты қарым-қатынаста айтарлықтай ілгерілеушілік байқалғанын және жоғары деңгейдегі сапарлардың жиілеуі де екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың тереңдеп келе жатқанын көрсететінін айтты.
Мустафаев Иран мен Әзербайжан арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың берік негізде құрылғанын, әрі Президент Илһам Әлиевтің Иранмен тату көршілік қатынасты дамытуға ерекше мән беретінін баса айтты.
Сонымен қатар, Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Иран Президенті Масуд Пезешкианның Бакуге жуырда жасаған сапарын жоғары бағалап, сапар барысында маңызды нәтижелерге, соның ішінде Баку мен Тегеран, Баку мен Табриз арасында тікелей әуе рейстерінің іске қосылғанына тоқталды.
Мустафаев 20 адамнан тұратын делегацияның Табриз бен Бандар-Аббасқа барып, порттық және логистикалық салада ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттейтінін айтты.
Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Иран-Әзербайжан -Ресей форматында Бакуде өтетін үшжақты кездесуге тоқталып, онда көлік, энергетика және өзге де стратегиялық салалардағы мәселелер қарастырылатынын хабарлады.
















