Иран мен АҚШ арасындағы жанама келіссөздердің төртінші кезеңі 11 мамырда Оманда өтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи мәлімдеді.
Арақчидің айтуынша, Оман келіссөздердің уақыты мен орнын анықтады.
Иран СІМ басшысы: “Қазіргі уақытта келіссөздер жексенбі, 11 мамырға жоспарланған. Біз келіссөздердің басталу уақыты туралы Оманмен келісіп жатырмыз.
Келіссөздер алға жылжуда. Біз неғұрлым көбірек ілгерілеушілікке қол жеткізсек, соғұрлым көп кеңес қажет болады. Сонымен қатар, комитеттерге көтерілген мәселелерді қарау үшін көбірек уақыт қажет. Ең бастысы, біз біртіндеп мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыруға бағытталған жолмен келе жатырмыз”, — деді.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи 10 мамырда Сауд Арабиясына барып, Эр-Риядтағы келіссөздерден кейін Қатарға аттанады.
Айта кетейік, Иран мен АҚШ Оманның қатысуымен 12 сәуір күні жанама келіссөздерді бастады.
Келіссөздердің екінші кезеңі 19 сәуірде Италия астанасы Римде, үшінші кезеңі 26 сәуір күні Оманда өтті.
Келіссөздердің төртінші кезеңі мамырдың үші күні Римде өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, логистикалық және техникалық себептерге байланысты келіссөздердің төртінші кезеңі кейінге қалдырылды.












